Өскеменде ел есінде қалатын елеулі шара өтті.
6-7 қыркүйекте Өскеменде ІІҮ Қазақстан және Ресейдің өңіраралық фнтфмақтастық форумы өтті. Оған Қазақстан Республикасының президенті Н.Назарбаев пен Ресей Федерациясының президенті Дмитрий Медведев қатысты. Қаламызда қос президенттің қатысуымен өт кен мәнді шара облыс тұрғындарының есінде ұзақ сақталары сөзсіз.
Форум Д.Серікбаев атындағы ШҚМУ-де өткізілген болатын. Аталмыш мәнді шараға орай оқу орны мен «Алтай» технопаркіне жаз бойы жөндеу жұмыстары жүргізілгені көпшіліктің есінде шығар. Атқарылған еңбек далаға кеткен жоқ. Елеулі шара қарсаңында қала құлпырып, әсем фонтандарымен, жайнаған гүлзарларымен, таза көшелерімен көз ғана емес, көңіл де қуантты.
Форумның бірінші күнінде тұрғынүй-коммуналдық шаруашылығындағы (ТКШ) инновациялық технологиялар көрмесі мен энергия және ресурс сақтайтын технологиялар тақырыбындағы конференция жүргізілді. Шаралардың басты мақсаты – Қазақстан мен Ресейдің тұрғынүй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы жаңа және алдыңғы қатарлы технологияларды көрсету болатын.
Форумның екінші күні екі елдің президенттерінің қатысуымен пленарлық отырыстан басталды. Отырыстың кешеуілдеп барып басталғанына қарамастан, жұрт елбасыларын тағатсыздана күтті. Д.Серікбаев атындағы ШҚМУ-дің орталық қақпасынан кіріп, көрме залына бет алған президенттерді қатысушылар қуанышпен қарсы алды. Ақ жейде киіп, қошемет көрсеткен қауымға жылы жымия қараған президенттер жолай студенттері қолтаңба қалдырып, қол бұлғап, өтті.
Пленарлық отырыстан соңынан Қазақстан және Ресей арасында көптеген салалар бойынша ынтымақтастық жөніндегі келісімдерге қол қойылды.
Қос елдің президенттері қатар келген мұндай шара күнде, тіпті жылда бола бермейтін жағдай. Бұл облыс орталығының болашағы зор екендігінен хабар береді. Елбасы айтқандай, форумды өткізуге Өскемен тектен-текке таңдалып алынған жоқ. Өскеменнің болашағы зор. Өндірістік кешен даму үстінде. Жыл өткен сайын кәсіпорындарда озық технологияларды пайдалану экологиялық жағдайдың жақсара түсуіне ықпал етпек. Қала форумға дайындықтың арқасында көріктеніп қалды. Жер-жерде ашылған жаңа фонтандар жастардың кешкісін қыдыратын сүйікті орындарына айналды. Мұның бәрі игілік екені даусыз. Тек соны көре білу керек. Себебі, форум өтті, бітті, бірақ қаланы көріктендіру үшін атқарылған жақсы шаралар мен алдағы уақытта осы өңірде жүзеге асырылатын келісімдер нақ біздің жағдайымызды жақсартуға әсерін тигізбек.